КӨПМӘДЕНИЕТТІ ТҰЛҒАНЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ АСПЕКТІЛЕРІ

Рейтинг:   / 0
КеріӨте жақсы 

Абил Асемгуль Адаққызы,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

Солтүстік облысы бойынша педагогикалық

қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты»

Азаматтық татулық  пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде алынған

ҚР Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың, Қазақстан халқына Жолдауынан

Air Jordan 1 Retro High OG Premium Essentials White/Black-White For Sale

 Халқымыздың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев: «...Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы – ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе болмасқа тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Мемлекеттік тілді білу - парыз, өзге тілдерді үйрену - құқық. «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін» дегендей, көп тіл білетін адамның көп нәрсеге қол жеткізетіні, басқаларға қарағанда қалаған жерінде жұмыс істеуіне де мүмкіндігі мол екені, қай елге барса да алдынан жарық жағылып тұратыны белгілі.

Бүгінгі технология және жаһандану заманында көптілді меңгеру жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік.

Көптілді меңгеру деген ұғым - қазақ дүниетанымында бұрыннан бар түсінік. Кезінде халқымыздың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген аталы сөзі дәл бүгінгі дамыған дәуірімізге сәйкес айтылғандай. Тарихи деректерге жүгінсек, әлемде Аристотелден кейін екінші аға ұстаз аталған ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз өз өмірінде 70-ке жуық ұлттың тілін жетік білгендіктен, артына мәңгі өшпес мол рухани құнды мұра қалдырып кеткендігі анық.

Қазіргі қоғам өмірінің барлық жақтарын қамтитын мәдени жаһандану үдерісінің дамуы көбіне жоғары білім жүйесінде мамандар даярлау мәселелерінің қалай шешілетіндігіне байланысты. Мысалы  мамандардың мәдениет аралық қатынастардың түрлі саласында түрлі деңгейдегі өзара қарым-қатынасқа түсе алуы мәселесі.

Жаһандану қарама-қайшылықты құбылыс бола тұра, дамуға бағытталған білім беру салаларының алдына кезек күттірмейтін міндеттерді қояды. Бұл дегеніміз жас ұрпақты  көп мәдениетті орта жағдайына дайындау.Олардың түрлі әлеуметтік топтармен, ұлттармен, діни сенімдері бөлек адамдармен қарым-қатынасқа түсе білу және әріптестікте бола білу дағдыларын қалыптастыру міндеті. Сондықтан әлеуметтік - мәдени келіспеушіліктердің алдын-алуға және оны реттеудің жолын іздеуге және табуға қабілетті, шыдамдылық таныта алатын көпмәдениетті тұлға қалыптастыру мәселесі  өзекті болып табылады.

Диалог жүргізе білу үшін қажетті көпмәдениеттілік туралы айтқанда, өзге мәдениеттің адамын түсінуге, оны сол күйінде қабылдауға, қиын жағдайда қолдауға, сонымен бірге өз мәдениетіңді байыта түсуге мүмкіндік туады.

Қазіргі педагог мамандардың білімдерін жетілдіріп, көпмәдениетті тұлға ретінде дамыту үшін негіз болатын философиялық, психологиялық, педагогикалық ойлардың жиынтығы бар.

Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет» - деп Елбасымыз атап өткендей, бүгінгі күні тек оқушыны біліммен ғана қаруландырып қоймай, оның жалпы мәдени, тұлғалық және танымдық дамуы үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек. Бұл бүгінігі қоғамның жалпы мәдени бола түсуімен байланысты. Егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр. Себебі, білім  беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болуда. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі.

 Көпмәдениетті тұлға қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыруда мынадай мақсаттар қойылады:

1) жан-жақты, үйлесімді дамыған, ұлттық салт-дәстүрлер, қазақы құндылықтар мен әлемдік мәдениеттің негізінде шығармашылықпен өзін-өзі дамытуға қабілетті және этномәдениеттілік пен азаматтық позициясын анықтап, оны іске асыра алатын тұлғаны қалыптастыру;

2) мектеп пен жоғары оқу орны түлектерін қазіргі өркениет пен көпұлтты еліміздің өмір жағдайына тиімді дайындау, өзін-өзі жетілдіру мүмкіндіктерін кеңейту, әлеуметтік өсуі мен өмір сапаларын арттыру;

3) еліміздің  білімдік және кәсібилік деңгейі дәрежесін арттыру, жастарды ашық көпмәдениетті және көптілді әлемде жауапкершілікті және зиялы етіп дайындау, белсенді ұйымдастырушы етіп тәрбиелеу.

Сондықтан да көпмәдениетті тұлға:

өмір сүру жағдайларына бейімделген әрі өзге адамдармен әріптестік қатынас орната білетін;

жеке, өзіне ғана тән ойы бар және өзге мәдени қоғамдар туралы көзқарастарын талдай алатын;

дербес, өз ойын үнемі білдіре алатын, тәуелсіз болуы тиіс.

Көпмәдениетті тұлға – бұл индивид, өз мәдениеті арқылы өзге мәдениеттерді игеруге бағытталады. Туған тілін, жалпы мәдениетін терең білу – бұл өзге мәдениеттерге қызығушылық қатынастың негізі, көптеген ұлттық, көркем мәдениеттермен танысу рухани баюға және дамуға негіз болады .

Тіл-қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы- әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін қөзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса да қарсы тұруы тиіс.

 Қорыта айтсақ, ия барлық атқарылып жатқан іс-шаралар халқымыздың игілігіне жарасын демекпін, алайда ұлтымыздың тілі, дініне келгенде кез-келген қарарды байыптылықпен, асықпай қабылдаған абзал. Себебі, ұлттың ұлт болып өз ғұмырын әрі қарай жалғастыруы үшін ең алдымен негізгі осы екі құндылық қажет, олар: тілі мен діні.

Бұл аталған мәселенің өзегінде мұғалім тұрады. Мұғалім өсіп келе жатқан ұрпақты өмірге дайындау ісінде басты рөлге ие болады. Оқушылардың бойында төл тарихына, туған өлкесіне, бай мәдениетіне деген қызығушылықтарын қалыптастыруда мұғалім дайындығының рөлі зор.

                       

© СҚО бойынша «ӨРЛЕУ» БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ филиалы, 2016-2021

 
Яндекс.Метрика